«Таза Өскемен» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының бұрынғы басшысы қамауға алынды. Сондай-ақ оның орынбасары және жеке кәсіпкерге қатысты да тергеп-тексеру жүргізілуде. Күдіктілер 2022-2023 жылдар аралығында мемлекеттік сатып алу рәсімдерін өткізбестен жүйелі түрде бюджет қаражатын өздерімен байланысы бар коммерциялық құрылымдардың есепшоттарына заңсыз аударып отырған. Келтірілген залалдың жалпы сомасы 120 млн теңге. Қылмыстық жолмен алынған табысқа күдіктілер екі автокөлік, Өскеменнен пәтер мен жер учаскесін сатып алған. Аталған мүлікке сот санкциясымен тыйым салынды.
Ернар Тайжан, ҚР ҚМА ресми өкілі:- Қылмыстық схеманың мәні материалдарды жеткізу және техниканы жалға алу бойынша жалған құжаттар рәсімдеуде болған. Атап айтқанда, құжаттарда жолдарды жөндеуге арналған битум мен құм сатып алу, суды соруға арналған арнайы техника жалдау, сондай-ақ бұған дейін орнатылған 23 аялдама павильонын жасауға қажетті материалдар сатып алу туралы жалған деректер көрсетілген. Кейін бұл қаражат жеке кәсіпкер арқылы қолма-қол ақшаға айналдырылып, схемаға қатысушылар арасында бөлінген.