Ұландықтар тігін машиналарының ішіне жасырылған 8 телефон, 7 SIM-карта және 4 қуаттағышты анықтады. Өскеменде Ұлттық ұланның әскери қызметшілері Қылмыстық-атқару жүйесі департаментімен бірлесіп, түзету мекемесіне өндірістік жабдықтарды жеткізген «Газель» автокөлігін тексеру кезінде осы қылмысты әшкереледі. Сондай-ақ тексеру бөлмесінде кіші командир Айназ Қасымханова мен қатардағы жауынгер Арман Рахатов, азаматтан IMEI-коды жоқ «VIVO» маркалы телефон мен скотчпен оралған USB-кабельді тауып, тәркіледі. Тергеу нәтижесінде азаматтың бұл заттарды сотталғанға бермек болғаны анықталған.