Олар әзірге сабақты қашықтан оқиды. Ал қыс алдында жарамсыз болып қалған үшқабатты ғимараттың неден және қалай өртенгені анықталуда. Оқиғаның салдарын жою мақсатында арнайы штаб құрылған.
Өрт шыққан кезде ғимаратта 35 бала мен 8 қызметкер болған. Абырой болғанда бәрі дін аман. Тәрбиеленушілер «Перзент» балалар үйінің шипажайына орналастырылды. Уақытша осында тұрып, сабақты қашықтан оқиды екен. Тілсіз жау кеше төртке таман тұтанған. Әмина қажының айтуынша, қызыл жалын моншадан шыққан. Әрмен қарай асхана арқылы негізгі ғимараттың шатырына тараған.
Әмина қажы Әжібаева, «Перзент» балалар үйінің басшысы:
- Осы бір 2-3 күннің алдында жөндеу жұмысын бітіріп болғанбыз. Сол балалар отынды көп жағып жіберген. Көп жағып жіберген де анау кішкентайлар келіп шұқыған. Ана от ағаш пен қабырғаның астымен тура шығып, екінші қабатқа көтеріледі. Содан әрі қарай мынадан бірақ шыққан.
Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, ғимараттың 1000 шаршы метр аумағы өртенген. Шатыры толық жанып кетіпті. Тілсіз жаумен күреске 60-тан аса өртсөндіруші мен 17 техника жұмылдырылды. Қазір арнайы зертеу жұмыстары тағайындалып, мамандар қалдықтарды тексеріп, өрттің шығу себебін анықтап жатыр.
Гүлдана Нұрымбетова, қалалық ТЖД ресми өкілі:
«Жан-жақтан өрт оқпандары беріліп, өрт сөндіру автосатысы жұмылдырылды. Атқарылған жедел шаралардың нәтижесінде өрт 18 сағат 08 минутта оқшауланып, 19 сағат 23 минутта толық сөндірілді. Абырой болғанда зардап шеккендер жоқ.
Еріктілер өрттен аман қалған заттарды көрші ғимаратқа көшіріп жатыр. Өйткені балалар бір-екі күнде осы қосалқы ғимаратқа орналастырылады екен. Әмина қажының айтуынша, тәрбиеленушілер сабақтан қалмауы керек. Арнайы штаб құрылып, әкімдік өлдері, қоғамдық кеңес, үкіметтік емес ұйымдар мен қолдау орталығы балаларға қажетті көмек көрсетуде.
Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиеваның айтуынша, өрт болған ғимараттағы жөндеу жұмыстары үш ай ішінде аяқталмақ.
Аршын Кемелжан, Мұхит Құдықбаев