Қарағандылық полицейлер мал ұрлығының жолын кесті

  • 9
  • 10.11.2025, 19:55

Ал Қызылорда мен Солтүстік Қазақстан облыстарында балық өнімдерін тасымалдауда заңсыздықтарға жол берілген.

Қарағанды облысында полицейлер ұрланған жылқылар тиелген жүк көлігін ұстады. «КамАЗ» маркалы көлік Теміртау қаласы маңындағы бекетте тоқтатылған. Оны Түркістан облысының 48 жастағы тұрғыны жүргізіп келе жатқан. Ол 45 бас жылқыны 13,5 млн теңгеге сатып алдым деп түсіндірген. Тәртіп сақшылары малды бейнежазбаға түсіріп, шаруа қожалықтарының әлеуметтік желідегі чаттарына жіберді. Сол бойынша өзіне тиесілі жылқыларды таныған адам хабарласқан.

Мейіржан Сламбеков, ПД Криминалдық полиция басқармасы бастығының орынбасары:

- Ақмола облысының 54 жастағы тұрғыны бейнематериалдағы жылқылардың арасынан еркін жайылымнан ұрланған өзіне тиесілі 27 жылқысын таныған. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. 

Жалған құжат жарға жықты

Ал «СПК Қызылорда Балық» ЖШС басшылығына қатысты тергеу аяқталды. 2022 жылы аталған кәсіпорынның лауазымды тұлғалары кеден органдарына жалған мәліметтер ұсынып, құны 254 млн теңге болатын жалпы салмағы 75 тоннадан асатын көк серке етін Еуропалық одақ елдеріне заңсыз экспорттаған. Балық өнімдерінің заңды шығу тегін көрсету мақсатында кәсіпорын балық сатып алынғаны жөнінде жалған құжаттар ресімдеген. Тексеру барысында бұл шаруашылықтардағы су айдындарының толықтай кеуіп қалғаны, ал құжаттарда көрсетілген жүк көліктерінің тасымалдау қызметін іс жүзінде атқармағаны және тоңазытқыш жабдықтармен қамтамасыз етілмегені анықталды. Сонымен қатар тергеу барысында жалған шот-фактуралар жазылғаны және балық өнімдерін тасымалдауға заңсыз ветеринарлық анықтамалар берілгені дәлелденді.

Ернар Тайжан, ҚМА ресми өкілі:

- Сот үкімімен кәсіпорынның құрылтайшысы А. Ерхатов және директоры Л. Қайыпназарова кінәлі деп танылып, 2 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасына кесілді. Мемлекет пайдасына 254 млн теңге көлеміндегі заңсыз табыс өндірілді. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ. 

Ветеринария қауіпсіздігі бұзылды

Солтүстік Қазақстан облысында 10 мың бас үй жануарына вакцина қойылмаған. Ал мал дәрігерлері оларға екпе жасалды деп жалған есеп берген. Бұл туралы прокурорлар мәлімдеді. Бұдан өзге, Айыртау, Ғабит Мүсірепов, Шал ақын және Мамлют аудандарында балық өнімдерін тасымалдауға құжатсыз анықтама берілген. Қазір өрескел қателіктерге жол берген қызметкерлер жауапқа тартылды.

Ғазиз Сауқомбаев, облыстық прокуратура басқармасының прокуроры:

- Прокурорлық қадағалау актісі бойынша осындай фактілерге жол берген 15 лауазымды тұлға жауапқа тартылды. Одан бөлек, олар мемлекетке келтірілген шығын көлемін толық қайтарып береді.

Заңсыз іс-әрекеттің жолын кесу шаралары ел аймақтарында тұрақты жүргізілудe.

Әнуарбек Мырзатайұлы, аймақ тілшілерінің көмегімен