Астанада тұрғын үйдің қабырғасы құлап, бес адам зардап шекті

  • 9
  • 13.11.2025, 19:41

8-ші қараша күні елордадағы көпқабатты тұрғын үйдің қасбеті құлап, бес адам жарақат алған. Соның екеуі жедел жәрдем қызметкері. 

Оқыс жағдай Астанадағы көпқабатты тұрғын үйдің бірінде болған. Куәгерлердің айтуынша, сол маңдағы дүкенге кірмек болған баласын ерткен әйелдің үстіне үй қабырғасының қаптамасы құлаған. Оларға көмектесуге ұмтылған туысы да үйінді астында қалыпты. Оқиға орнына жеткен жедел жәрдем қызметкерлері зардап шеккендерді құтқарып жатқанда тоғызыншы қабаттан ауа салқындатқыш құлап, фельдшер Ұлдана Мырзуан басынан ауыр жарақат алған.  

Ол қазір жансақтау бөлімінде жатыр. Күйеуі бас сүйегіне операция жасалғанын, көз, мұрын және шүйде сүйектері сынғанын айтады. 

Әділет Зейнел, Ұ. Мырзуанның жұбайы:

- Қазір жолдасымның жағдайы аса ауыр хәлде. Келген күннен бастап препараттардың күшімен қысымын ұстап жатыр. 3 препараттар жоғарғы деңгейлі болып табылады. Соның арқасында жүрек соғысы қалпында ұсталып тұр. Қазір «искусственная кома», - дейді. Миы демалу үшін дәрі-дәрмекпен ұйықтатады. Оқиға болған күні осы жақта кезекшілікте болғанмын. Маған әріптестерім хабарласып айтты.

Ұлданамен бірге зардап шеккен ер адам мен үш әйел де оқыс оқиғадан кейін шұғыл ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлер жансақтау бөлімінде жатқан екі науқастың бірі жақын күндері жеке палатаға шығарылады деп отыр. 

Бауыржан Ешмұратов, №1 Көпбейінді қалалық аурухана бөлімі директорының орынбасары:

- Одан бөлек, тағы 3 науқас түсті. Қазіргі таңда олардың жағдайы орташа деп есептелінеді. Енді бір науқас жағдайы тұрақты болса, емдеу барысында жағдайлары жақсарды. Үйге шығарылу, амбулаторлық емге шығарылу жоспарланып жатыр.

Осы оқиға бойынша мемлекеттік еңбек инспекциясы тергеу жүргізіп жатыр. Полиция департаменті Қылмыстық кодекстің 278-бабы – «Сапасыз құрылыс» бойынша іс қозғалғанын мәлім етті. Дегенмен Тұрғын үй және тұрғын инспекциясы басқармасына 20 жыл бұрын қолданысқа берілген бұл үйдің меншік иелерінен жаңғырту мәселелері бойынша ешқандай өтініштер түспеген. Сондықтан жөндеу жұмыстарын кімнің атқаратындығы тергеуден кейін ғана белгілі болады. 

Диана Қадыр, Өрден Жарқын