Павлодар облысында жалған қосалқы бөлшектерді жеткізу схемасы анықталды. Бірқатар коммерциялық компания басшысы ескі қосалқы бөлшектерді жаңа зауыттық өнім ретінде «Богатырь көмір» компаниясына өткізіп келген. Ал аталған кәсіпорынның қызметкері талапқа сәйкес келмейтін бөлшектердің еш кедергісіз қабылдануын қамтамасыз етіп отырған. Осылайша, екі жыл бойы кәсіпорынға реакторлар, цилиндр блоктары, автотіркемелер мен тежегіш жүйесінің бөлшектері жаңа өнім ретінде қабылданған. Нәтижесінде «Богатырь көмір» компаниясына 123 млн теңге залал келтірілген. Ал қылмыстық жолмен алынған қаражат жеке кәсіпкерлер арқылы қолма-қол ақшаға айналған.
Ернар Тайжан, ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі:
-Тінту барысында күдіктілерден 27 млн теңге қолма-қол ақша тәркіленді. Сот санкциясымен күдіктілердің 6 автокөлігіне, соның ішінде «Cadillac Escalade», «Range Rover», «Toyota Land Cruiser 250» автокөліктеріне тыйым салынды. Үш күдікті қамауға алынды. Тергеу жалғасуда.