1 қазаннан бері ел бойынша 870 өрт тіркелді

  • 6
  • 21.11.2025, 19:39

Жылыту маусымы басталғалы 1 қазаннан бері ел бойынша 870 өрт тіркелген. Салдарынан 46 адам қаза болды. Тілсіз жаудың алдын алу үшін өңірлерде тұрғын үйлерді аралап, қауіпсіздік ережелерін ескерту жүріп жатыр. Осал топ санатына жатқызылған тұрғындардың пеш, электр қондырғыларын тексеріліп, дабыл құрылғысы орнатылуда.  

Бұл үй ішінде түтін шықса дабыл қағатын құрылғы. Көлемі алақандай болғанымен, қауіптің алдын алуда маңызы зор. Тіпті шырт ұйқыда жатқан үй иелерін де оята алады.

Шолпан Сайлаубаева, қала тұрғыны:

-Улы газ өзі белгі береді екен. Не терезе ашу керек үйге таза ауа кіргізу үшін, не сыртқа шығу керек. Мен қазір майда балаларым бар, өте жақсы нәрсе. Айлық балам бар, әлі бір жасқа толмаған. Солардың қауіпсіздігіне өте жақсы ойлап тапқан.
 

Дәл осындай дабыл құрылғысын бүгін төтенше жағдай қызметінің өкілдері Астанадағы Байқоңыр ауданында орналасқан бірнеше үйге орнатып берді. Тұрғындармен кездесіп, пештерді, жылыту және электр аспаптарын пайдалану кезінде сақ болу керектігін ескертті. Ал мұндағы үйлердің көбісі қыста от жағып, күл шығарады. Сондықтан пешті тексеруден өзге мұржалар да тазартылды.

Астана қаласы бойынша осындай 30 мыңға жуық тұрғын үй бар. Соның 10 мыңнан астамы қыс мезгілінде пеш жағады. Жылыту маусымы басталғалы бері 30-дан астам өрт оқиғасы тіркелген.

Ербағылан Полатов, Астана қаласы ТЖД басқармасының аға инженері:

- Қазіргі таңда бізде 13 мыңнан астам үй араланды. 25 тұрғын үйде пештерін қарап, жарамсыз күйлерін жарамды қылып және де 18 тұрғын үйде электр сымдарының дұрыстығын қарап, жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Басты мақсат – тұрғын үйлерде өртті болдырмау. Сондықтан да қолға алынған жұмыс аясында төтенше жағдай қызметі мен полиция және әкімдік өкілдері бірігіп, үй-үйді аралайды. Қауіптің алдын алу керектігін түсіндіреді. Тек 1 қазаннан бері тілсіз жау салдарынан 46 адам қаза тапқан.

Руслан Қайрақбаев, ҚР ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитеті төрағасы орынбасарының міндетін атқарушы:

-Көп жағдайда қазіргі таңда электр сымдарының қысқаша тұйықталуынан болып табылады және де балалардың ойыны бар және абайсыз отпен пайдаланған. Қазіргі таңда жергілікті артқарушы органдардың көмегімен улы газды анықтайтын датчиктер сатып алынып жатыр. Олар енді бірінші кезде осал топтарға арналған. Мүгедектер тұратын, жалғызбасты аналар, көпбалалы отбасы солардың үйіне бірінші кезекте датчиктер орнатып жатырмыз.
 

Бүгінде әлеуметтік осал топқа жататын 108 мың үй мен 225 мың көпбалалы отбасы есепке алынған. Олардың жылу жүйелерін жарамды күйге келтіру үшін көмек көрсетіледі. Ал осы шара аясында ел бойынша 29 мыңнан астам дабыл құрылғысы орнатылды.

Әнуарбек Мырзатайұлы, Руслан Тәуірше