Қаржылық мониторинг агенттігінің департаменті ұйымның ісін әшкерелеп отыр. Анықталғандай, ұйымдастырушылар азаматтарды «HALYK QUATY» кооперативіне мүше болуға шақырып, тұрғын үй мен автокөліктерді пайызсыз бөліп төлеу арқылы алуға болады деп сендірген. Бұл үшін пайлық жарналар енгізуді ұсынған. Сайт пен әлеуметтік желілерде қызметін белсенді түрде жарнамалап отырған. Ал «HALYK» тауарлық белгісін заңсыз пайдаланғаны үшін жауапкершілікке тартылған соң атауы өзгеріп, жаңа салымшыларды тарту үшін басшылық түрлі акциялар өткізген. Жалпы тартылған қаржы көлемі 6 миллиард теңгеден асады.
Ернар Тайжан, Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі:
- Қылмыстық жолмен түскен табысты заңдастыру мақсатында ұйымдастырушы өз атына «QAZ INFO MARKET» ЖШС тіркеп, онда кәсіби, ғылыми және техникалық қызметтерге төлем ретінде көрсетіп,салымшылардан түскен қаражатты шығарған. Алайда бұл қызметтер іс жүзінде көрсетілмеген. Нәтижесінде пирамидаға 1,5 мыңнан аса салымшы тартылып, олар жалпы 6,8 млрд теңге қаржы құйған. Ұйымдастырушы қамауға алынды.