Атырауда «Нұрлы жер» арқылы берілген баспаналар апатты күйде тұр

  • 12
  • 27.11.2025, 19:43

2018 жылы салынған баспаналардың қабырғасы мен іргетасы жарылғаны туралы тұрғындар редакциямызға хабарласқан. 

«Талқайраң-2» шағынауданында мемлекеттік бағдарламамен 60 үй бой көтерген еді. Соның 48-інің шатыры мен қабырғасы және іргетасы сыр берген. Алған уақытта мұндай кемшілікті байқамадық. «Тек соңғы 2-3 жылдан бері осындай қиындыққа тап болдық», - дейді тұрғындар. 

Айнұр Сәрсен, қала тұрғыны:

- Төрт елідей мен қазір жамап қойып отырмын әлсін-әлсін. Ай сайын, айына екі рет цемент құямын, пена құямын үстін ақтап. Айына екі рет осылай істеп отырмын. Ипотеканы балалар төлеп отыр.

Үйлерді салған мердігер мекеме 2023 жылы қабырғасы мен іргетасы жарылған 2-3 үйге жөндеу жүргізген. Бірақ ол да кемшілікті жасыра алмады. Тұрғындармен кездесуге келген мердігер мекеме өкілі жобалаушы компания тарапынан қателік кетті деген пікірде. 

Олжас Сұлтанов, мердігер мекеме өкілі:

-  Біздер мына үйдің «трещиналарын» қарап шықтық. Үйдің отырып кеткенінің көрінісі бар үйдің отырып кеткен. Сол себептен трещиналар шығып жатыр. Жалпы мына жобалаудың алдында геология жасалады. Жердің астын бәрін, ішінде қанашама құм, қаншама су, соның бәрі тексерілуі керек. Ол жобалаушы компания – басқа компания. Ол дайын жобаға бізге келді. «Осы жоба бойынша саласыз», - деді

Қалалық құрылыс бөлімінің мәліметінше, үйлерді қабылдағанда мұндай кемшіліктер байқалмаған. Қазір арнайы жұмыс тобы құрылып, мердігер мекемелердің инженерлік-техникалық құжаттамалары тексерілуде. Сондай-ақ тұрғын үйлерге техникалық сараптама жасалады. Соның нәтижесіне сәйкес шешім қабылданады. Жауаптылардың сөзінше, үйлердің қабырғасының жарылуына бірнеше фактор әсер етуі мүмкін.

Арнат Оңдасынов, қалалық құрылыс бөлімінің басшысы:

- Біріншісі – мердігер мекеменің немқұрайлылығы. Екіншіден, жерасты суларының көтерілуі әсер еткен, өткен жылғы паводканың да әсері болуы мүмкін. Үшінші себеп – 2022 жылы сол жерде жол жұмыстары жүрген аула ішіндегі автомобиль жолдары. Соның әсері болуы мүмкін. Техникалық тексеріс қорытындысына қарай, әрі қарай шаралар қолданылатын болады. Егерде мердігер мекеменің немқұрайлылығы анықталса, сот тәртібінде істі жүргіземіз.

Бірнеше жылдан бері қиындық көріп келген тұрғындар заңға да жүгінген. «Қазір осы мәселеге қатысты қылмыстық іс қозғалды», - дейді полиция департаменті.

Мейірім Ердәулет, облыстық ПД баспасөз хатшысы:

- Атырау қаласындағы тұрғын үйлердің сапасына қатысты тұрғындар тарапынан келіп түскен арыз-шағымға байланысты қазіргі таңда қылмыстық іс тіркелді. Оқиғалардың барлық мән-жайын анықтау мақсатында кешенді тергеу амалдары жүргізілуде. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне жариялауға жатпайды.

«Қалалық әкімдік сараптама қорытындысы шықпай, қандай шара қолданылатынын айта алмаймыз», - дейді. Бірақ мәселенің жан-жақты зерттелетінін мәлімдеді. Ал тұрғындардың техникалық сараптама қорытындысын күтуден басқа амалы жоқ.

Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин