Алматы облысындағы жеті адамның өмірін қиған жол-көлік оқиғасына байланысты жаңа мәліметтер белгілі болды. Қаза тапқандардың арасында Сурдоспорт чемпиондары мен ардагерлері бар. Бұл туралы Ұлттық Сурдлимпиялық комитетінің вице-президенті Арсен Шақуов өзінің facebook парақшасында жазды. Оның айтуынша, спортшылар Бішкекте өткен есту қабілеті бұзылғандар арасындағы футбол жарысынан елге қайтып келе жатқан. Еске сала кетейік, осы түні Алматы-Бішкек автожолының 129-шақырымында жол-көлік оқиғасынан жеті адам көз жұмды. Алдын ала мәлімет бойынша автокөлік алдында кетіп бара жатқан жүк көлігінің тіркемесіне соғылған. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды.