Ақтөбе облысында жол апатынан бес шетелдік қаза болды

  • 6
  • 08.12.2025, 18:32

Қайғылы оқиға Ұлғайсын ауылы маңында болды. Өңірде ауа райы кешелі бері құбылмалы. Жол көктайғақ. Төтенше жағдайлар департаменті далада қалған 53 адамды құтқарған.

Ресейден Өзбекстанға бет алған Пермь – Ташкент бағытындағы автобуста көрші елдің 49 азаматы болған. Қарабұтақ ауылынан шыққан жолаушылар көлігі жолдың оң жақ бетіне аударылған.

Айбек Борашев, ПД Әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары:

- «Самара – Шымкент» тасжолының 1023 шақырымында автобус көлігі аударылып, оның салдарынан 5 жолаушысы қаза тауып, 11 жолаушысы ауруханаға жеткізілді. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілуде.

Қалған жолаушылар Қарабұтақ ауылындағы қонақүйге жеткізілді. Жалпы соңғы тәулікте дәл осы жолда 53 адам эвакуацияланды. Арасында ескертулерді елемей, жаяу шыққандар да бар.

Нұрдәулет Жаңабай, ТЖД басқарма инженері:

- Қозғалыстың шектелуіне байланысты Белқопа ауылының бағытына жаяу аттанған 15 адам және «Шымкент–Мәскеу» бағытында жүріп келе жатқан автобустың 38 жолаушылары эвакуацияланып, жақын елді мекендегі жылыту пунктеріне жеткізілді. 11-і Өзбекстан Республикасының азаматтары. Эвакуацияланғандар медициналық көмекке мұқтаж болған жоқ.

Өткен тәулікте Әйтеке би ауданында қар аралас жаңбар жауып, көктайғақ болды. Осыған байланысты «Самара – Шымкент» тасжолында кез келген көлік қозғалысы шектелді. Ал далада қалғандарға полиция жасақтары жол

көрсетіп, елді мекендерге жеткізді. 

Күн райының құбылмалы болуына байланысты полицейлер мен Төтенше жағдайлар департаменті кезекшілікті күшейткен. Жедел жасақтар тәулік бойы жолда. «Дегенмен құтқарушылар сапарға шығар алдында ауа райын ескерген жөн», - деп отыр.

Мансұр Есқожин, Айбек Даутов