Түркістан облысында аурухана қаржысына пәтер сатып алған бас дәрігер ұсталды. Күдіктіге медициналық жабдықтарды сатып алу кезінде бюджет қаражатын жымқырды деген айып тағылып отыр. Қазығұрт аудандық орталық ауруханасының бұрынғы бас дәрігері сатып алынған медициналық жабдықтарды жалған келісімшарт жасау арқылы кейін қайта сатып алуды ұйымдастырған. Схеманы жүзеге асыру үшін ол медициналық жабдықтарды жеткізу саласында тәжірибесі бар танысын тартқан. Ауруханадан компаниялардың есепшотына қаржы түскеннен кейін сыбайластар қаражатты қолма-қол ақшаға айналдырып, өзара бөліскен. Мемлекетке келтірілген жалпы шығын көлемі 115 млн теңге.
Ернар Тайжан, ҚР ҚМА ресми өкілі:
-Қылмыстық жолмен алынған қаржыға күдікті Астанадан екі бөлмелі пәтер сатып алған. Сот санкциясымен мүлікке тыйым салынды. Бұрынғы бас дәрігерге қатысты бұлтартпау шарасы ретінде кепіл қолданылды, ал оның сыбайласы үйқамақта отыр.