Бестеректегі трагедия: Абай облысында бірінші сот отырысы өтті

  • 8
  • 09.12.2025, 18:57

Абай облысы Бестерек ауылындағы жол апатына қатысты бірінші сот отырысы өтті. Қайғылы жағдай биыл 19 тамыз күні болған. Аулада ойнап отырған екі үйдің алты баласын жоғары жылдамдықпен келген көлік қағып, төрт бала қайтыс болған еді. 

Сот отырысында судья алдымен қос тарапты тыңдап куәгерлерді шақырды. Жәбірленуші тарап көлік жүргізушісіне кешірім бермейтінін айтып, қатаң жаза қолдануды сұрады. Бұған қоса әр отбасыға 30 млн теңгеден өтемақы беруді талап етті. Бестеректегі жол апатынан екі бала оқиға орнында қайтыс болса, біреуі ауруханаға барар жолда көз жұмған еді. Айзере есімді 9 жасар қыз 38 күн бойы ес-түссіз жансақтау бөлімінде жатып, кейін көз жұмды. Қазір үш қызынан айырылып, қара жамылған отбасыға психологиялық қолдау көрсетілуде.

Таңшолпан Кәрімова, Бестерек ауылының тұрғыны:

-Айзерем, Назеркем мектепте үздік оқушылар болды. Алғыр үлгілі ерекше балалар болатын. Сағынамыз, сағынып еске аламыз. Үш баладан айырылу әр адамға оңай емес қой. Ешкімге мұндай сынақ тілемейміз, ешкімнің басына бермесін. Адамның соты бітсе де, Алланың соты бітпесін. Ол кісіні бір Аллаға тапсырамын.


Айыпталушы азамат өзінің талма ауруымен ауыратынын білмегенін айтып отыр. Айтуынша дәрігерлер диагноз туралы дұрыс ақпарат бермеген. Ал Прокурордың мәліметінше, жүргізуші 2013 жылдан бері «эпилепсия» диагнозымен есепте тұрған. Соған қарамастан, ол көлік жүргізуді жалғастырған. Бестерек ауылының тұрғыны 20 жылдан астам уақыт автобус тізгіндеген екен. 

Ернат Бұланбаев, Бестерек ауылының тұрғыны:

-2013 жылы эпилепсия ауруымен ауырғандығы белгілі болса да 2020 жылы көлік жүргізу құжатын алғанда тиісті мекемелер медицина қызметкерлері анықтама берген денсаулығында ешқандай ақау жоқ деп. Соған байланысты бұл кісі ары қарай да көлік жүргізуді жалғастырған. Нәтижесінде 4 баланың өмірін жалмап кетті. Келесіге сабақ болу үшін қатаң жазалануы тиіс деп ойлаймын.


Бестерек ауылының тұрғындары әлі күнге дейін қасіретті күннің ауыртпалығын ұмыта алмай жүр. Зардап шеккен отбасы жүргізуші мен бұл іске қатысы бар азаматтардың жазалануын талап етіп отыр. Сот процесі әлі де жалғасады. 

Рүстем Қайратұлы, Мәди Базарбеков