Алматыда 53 жолаушы газдан уланып қалды

  • 7
  • 11.12.2025, 18:35

Оның 12-сі бала. Қазір олардың екеуі жансақтау бөлімінде, тоғызы токсикология бөлімінде жатыр. Алдын ала мәлімет бойынша оқиға кинотүсірілімі кезінде болған. Сериал Оңтүстік Кореяға тиесілі болуы мүмкін. Түсірілім тобы жекеменшік серіктестіктен вагондарды жалға алған. Кино Алматы маңындағы «Ұзынағаш» станциясының маңында түсірілген. Күннің суықтығына қарамастан сериалдың түсірілімі сыртта да, вагон ішінде де жүргізілген. 

Пойыздың ішінде жылу болмаған. Суыққа әсіресе балалар шыдай алмаған. Сол кезде түсірілім тобы вагонды жылыту үшін газ құрылғысын қолданған. Соны қоршай отырған адамдар бірінен соңы бірі уланып құлай бастаған. Оқиға болған жерге 13 жедел жәрдем бригадасы шұғыл жетіп, дәрігерлік көмек көрсетті. Аталған дерек бойынша «Алматы-1» станциясындағы желілік полиция басқармасы еңбекті қорғау қағидаларын бұзу бойынша қылмыстық іс қозғады.  

Мәлік Қайбар, ҚР ІІМ Көліктегі ПД бастығының орынбасары:

- Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайларын анықтау үшін қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде, оның қорытындысы бойынша заңға сәйкес процессуалдық шешім қабылданатын болады. Өзге ақпарат Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес жария етуге жатпайды.