Қарағанды облысында Құлайғыр теміржол учаскесінде жүк пойызы мен жеңіл көлік соғылып, 5 адам зардап шекті. Audi маркалы автомобиль жүргізушісі теміржол өткелінен өтіп үлгермек болған. Көлікте жүргізушіден бөлек, үш ересек жолаушы және бір бала отырған. Барлығы да ауруханаға жеткізілді. Қазір екі ересек адам жансақтау бөлімінде. Қалғандарының жағдайы қалыпты. Дәрігерлердің бақылауында. Полиция жол-көлік оқиғасына байланысты қылмыстық іс қозғады.
Бақытжан Құдияров, Полиция департаментінің баспасөз хатшысы:-Алдын ала мәлімет бойынша 35 жастағы көлік жүргізушісі бағдаршамның тыйым салынған белгісіне өтіп, теміржол өткеліне шыққан. Сөйтіп жол-көлік оқиғасына себепкер болған. Аталған дерекке байланысты жан-жақты тергеу әрекеттері жүргізілуде. Оның қорытындысына сәйкес оқиғаға қатысушылардың әрқайсына қолданыстағы заңнамаға сәйкес құқықтық баға берілетін болады.