Ауыл тұрғындарының айтуынша, ірі қараның қырылуы тамыз айында басталған. Шығынға батқан тұрғындар редакциямызға хабарласқан еді.
Асланбек Шығыр, тілші:
- Тірлігі төрт түлікке байланған Қарабау ауылында қазір мың жарымдай тұрғын бар. Олардың айтуынша, тамыз айынан бері 60-қа тарта мал өлген. Сиыр өлімі басталғанда жауаптылар нақты түсіндірме бермеді деген ауыл халқы: «Мал шығыны тағы бола ма», - деп алаңдап отыр.
Шатлық Қабиеваның бар тірлігі 2 бұзаулы сиырға қарап отыр еді. Індет келіп, әуелі қорадағы баспағы өлді. Сосын соғымға соямын деген семіз сиыры арам қатты. Ауылдағы ветеринар алғашында қарасан ауруының белгісі барын айтқан.
Шатлық Қабиева, Қарабау ауылының тұрғыны:
- Дәрігер шақырдым, келіп қарады. Сосын жаман ауру деп айтты. Ондай ауру болған жоқ. Биыл болып тұр осы сондай ауру.
Мүслима Телемгенова, Қарабау ауылының тұрғыны:
- Біздің әкім мен мал дәрігерлері жасырып отыр. Өлген малды көміп тастады тек қана. Көмді, өртеді, бітті. Малға байланысты тіршілігіміз. Соның етін жейміз, сатамыз, сүтін ішеміз. Енді қазір дағдарыста отырмыз. Өйткені малды сата алмаймыз, ол ауру ма, сау ма екенін білмейміз.
Ауыл тұрғындары ауру жоқ дегенге сенбей отыр. Ауыл әкімі де алғашында «қарасан» ауруының белгісі болғанын жасырмайды. Жалпы Қарабау ауылында 4300 бас ірі қара тіркелсе, соның 2 мың жарымы ауыл тұрғындарынікі. Өлген 60-қа тарта сиыр да сол жергілікті халықтың малы. «Өлекселерді санитарлық талаптарға сай жою жұмыстары тұрақты жүргізіліп жатыр», - дейді Қызылқоға ауылдық округінің әкімі.
Зейнолла Шаликов, Қызылқоға ауылдық округінің әкімі:
- Бірінші шыққан қорытынды бойынша «қарасан» ауруына эффект анықталып тұр. Енді қазіргі таңда біздер өлген малдарды көму жұмыстарын, жою жұмыстарын, залалсыздандыру жұмыстарын тұрақты түрде жүргізіп отырмыз.
Ветеринарлардың айтуынша, өлген малдан сынама алынған. Бірақ зертханалық қорытынды нәтижесі бойынша ешқандай жұқпалы ауру анықталмады.
Сайран Ғұднан, облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының бөлім басшысы:
- Облыстық ветеринариялық лабораторияға жергілікті жердегі дәрігерлердің клиникалық белгілеріне қарап, облыстық зертханаға сынама жеткізілген болатын қарасан және пастерллез ауруларына қарсы. Қорытындысы бойынша ауру белгілерінің қоздырғыштары анықталған жоқ. Қазіргі жағдайда ауылда эпизоотиялық ахуал тұрақты. Алдағы уақытта тағы да жағдайлар орын алса, қосымша тексерулер жүргізілетін болады.
Дегенмен ауыл тұрғындары сынама нәтижесімен келіспейтінін айтады. Малынан айырылғандар зерттеу жұмыстарын тағы жүргізуді сұрап отыр. Ал ветеринарлар мал өлімі енді қайталанса ғана кешенді тексеру жүргізілетінін мәлімдеді. Жұқпалы ауру анықталмағаннан кейін ірі қарасы өлген тұрғындарға өтемақы төленбейтіні де белгілі.
Асланбек Шығыр, Амантай Матенов, Жандос Рахметуллин