Қазақ руханиятының абызы Асанәлі Әшімов өмірден озды. Оның кино мен театрдағы рөлдері, режиссерлік еңбектері мен өмірлік ой толғамдары қазақ өнерінің ең құнды жәдігері болып қала бермек. Президент Халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімовтің отбасына көңіл айту жеделхатын жолдады.
Асанәлі аға үшін өнер — мамандық емес, тағдыр еді. Ол әр рөліне жүрегін қосып, кейіпкердің қуанышы мен қасіретін көрерменмен бірге кешті. Оның үнінде даналық, көзқарасында тереңдік, ал болмысында биіктік болатын. Сондықтан да көрермен оны актер деп емес, сол кейіпкердің өзіндей қабылдады. Бұған өзі сомдаған Бекежан рөлі дәлел.
Кинодағы Шадияров, Мәмбет сынды образдары актердің қайталанбас қолтаңбасы. Ал театр сахнасындағы Кебек, Айшуақ, Қодар, Еламан рөлдері көрерменнің көз алдында. Аңыз тұлғаның режиссерлігімен таспаланған «Жылан жылы», «Қозы Көрпеш - Баян Сұлу», «Шоқан Уәлиханов» секілді фильмдер өнер жолының биік бір белесі.
Еркін Жуасбек, М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының директоры:
- Ол кісі театр ұжымында әкеден де артық, шешеден де жақын өзіндік орнын таба білді. Ол кісінің жанына отырып, өз жанына жылылық сезінген театрымыздың үлкен-кішісі дәл бүгінгі күні салы суға кетіп тұр. Өзінің Алла берген жасын адал сүріп, миссиясын сарқыла орындаған үлкен тұлға ретінде Асекеңнің орны – жақын жуық арада ешкім басып, айырбастай алмайтындай тұғыр.
Соңғы он жылда Асанәлі Әшімов төл шаңырағы – Әуезов театрында көркемдік жетекші ретінде қызмет етті. Көп жылғы тәжірибесін артынан ерген жас буынға сіңіру үшін аянбай сарқыла жұмыс істеді. Өнерге деген адалдықты аманат етті. «Қажыған сәтте Ас-ағаның үнсіз ғана қолыңнан ұстап, арқаңнан қаққаны қуат еді», - дейді інілері. Өмірге, өнерге құштарлықты оятатын.
Бауыржан Қаптағаев, актёр, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:
- Кейінгі біз жастар қасына ертіп жүріп, өзінің ақыл-ойын, театрды қалай дамытамыз, театрды қалай өркендетеміз? Өмір бақи кездескен сайын соны айтып отырушы еді. Енді тек қана ол кісі солай деуші еді, былай деуші еді деп қана естелік болып қалды. Әрине, Асанәлі деп, Асанәлінің өнерін сүйетін қазақ еліне, қазақ халқына көңіл айтамын.
Жарық жұлдыз сөнбейді, ол тек биіктей түседі. Қазақ өнерінің абызы Асанәлі Әшімов өмірден өтсе де, оның дауысы, бейнесі, сахнадағы өнері халқымен бірге жасай бермек.
Гүлжан Көленқызы, Сержан Жұмабаев