Ақтөбеде интернет арқылы есірткі сатқан қылмыстық топ әшкере болды. Олар әлеуметтік желіде онлайн-дүкен ұйымдастырып, психотроптық бұйымдарды еліміздің бірқатар аумағында саудалаған. Бұл туралы облыстық прокуратура мәлімдеді. Жедел тергеу іс-шарасы нәтижесінде қылмысқа қатысы бар деген күдікпен Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Ақтөбе облыстары мен Астана қаласының 6 тұрғыны ұсталды. Заңсыз бизнестің жалпы айналымы 50 млн теңгеден асқан. Күдіктілерге тиесілі 10 келіден астам психотроптық заттар тәркіленді. Қазіргі таңда қылмыстық іс сотқа жолданды.
Өркен Ещанов, облыс прокурорының көмекшісі:
Интернет-есірткі дүкені арнасының қылмыстық схемасы «Telegram» қосымшасындағы «байланыссыз қатысу» нысанында ұйымдастырылған, ал ақша қозғалысы «дропперлердің» банктік карталары арқылы жүзеге асырылған. Барлық көрсетілген деректер бойынша Қылмыстық кодексінің 262, 297, 299-1-баптарымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілді.