42 стоматологиялық клиника Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан заңсыз 200 млрд теңге алған. Бүгінде бұл жайтқа қатысты іс тергеліп жатыр. Зейнетақы жинақтары стоматологиялық қызметтер көрсету туралы формальды шарттар жасасу және кейіннен жалған медициналық құжаттар ұсыну арқылы шығарылған. Аталған көмек үшін күдіктілер алынған қаражаттың 10%-дан 20%-ға дейінгі мөлшерінде заңсыз сыйақы ұстап отырған. Қылмыстық жолмен алынған табыстарға күдіктілер элиталық жылжымалы және жылжымайтын мүлік сатып алып, сондай-ақ жасыру мақсатында үшінші тұлғалардың атына рәсімдеп, жаңа стоматологиялық клиникалар ашқан. Он бір күдікті 2 ай мерзімге қамауға алынды, ал үшеуіне қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы тағайындалды.
Ернар Тайжан, ҚР ҚМА ресми өкілі:
- Медициналық мекемелердің дәрігерлері жүйелі түрде заңсыз сыйақы алу үшін дәрігерлік-консультациялық комиссиялардың жалған қорытындыларын берген, күдіктілерден алынған қаражаттың жалпы сомасы 30 млн теңгені құрады. Аталған фактілер бойынша бірқатар сотқа дейінгі тергеп-тексерулер басталды. Бұған дейін хабарланғандай, өз зейнетақы аударымдарын алған азаматтар қылмыстық қудалау аясына түспейді.