Атырау облысындағы ерлі-зайыптының өлімі: күдіктіге іздеу жарияланды

  • 94
  • 08.01.2026, 18:52

Атырау облысы Жангелдин ауылының тұрғындарын өлтіруге қатысты күдіктіге іздеу жарияланды. Полиция департаменті жоғалған отбасының күйеубаласы, яғни Махамбет ауданының 29 жастағы тұрғынын іздеу басталғанын мәлімдеді.

Естеріңізде болса, Қызылқоға ауданының Жангелдин ауылында бір отбасы із-түзсіз жоғалып кеткен еді. 6 қаңтар күні үй иесі мен әйелінің мәйіті ауладағы сарайдан табылды. Бүгін жерленді. Ұлы мен қызы әлі іздестіріліп жатыр. 

Абай Жұмабаев, облыстық ПД Криминалдық полиция басқармасы бастығының орынбасары:

- Қылмысқа күдікті – Атырау облысы Махамбет ауданының 29 жастағы тұрғыны. Сондай-ақ өзге де тұлғалардың қатыстылығы тексерілуде. Еске саламыз, 25 желтоқсанда полицияға аталған отбасының жоғалып кеткені туралы олардың туыстары хабарласқан. Әлеуметтік желі қолданушыларын ақпаратты тек ресми дереккөздерден алуға және жалған не расталмаған мәліметтерді таратудан бас тартуға шақырамыз.