Жедел жәрдем қызметінде ақша жымқырылды

  • 23
  • 12.01.2026, 21:33

Астанадағы жедел жәрдем станциясының басшылығы қазына қаржысын талан-таражға салды деп айыпталып отыр. Жемқорлық жайлаған мекемені Елорда прокуратурасы мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті тексерген. Нәтижесінде 2020-2023 жылдар аралығында жедел жәрдем станциясында орын алған сұмдық жайттардың беті ашылды. Тергеу барысында санитарлық автокөліктердің саймандары мен бөлшектерін заңсыз есептен шығару және жалған қызмет көрсету шарттарын жасасу фактілері анықталған. Салдарынан қызметке жарамды автокөліктердің саны азайып, қалғандары қосалқы бөлшектерді заңсыз иемденудің кесірінен қолданыстан шығарылғаны белгілі болды. Қазіргі уақытта «103» автопаркі толығымен қалпына келтірілді. 4 қызметкер, оның ішінде 2 басшы мен станция директоры ұсталды. Олар мемлекетке 850 миллион теңге сомасында шығын келтірген. Күдіктілерге қатысты іс Қылмыстық кодекстің 189-бабы бойынша сотқа жолданды.