Семей іргесіндегі Шақаман ауылында құдыққа түсіп кеткен бала құтқарылды. Оқиға кеше түскі уақытта болған. 8 жастағы бала шамамен сағат 14:30-да үйінен шығып, көшеде ойнап жүрген жерінде қақпағы ашық тұрған құдыққа абайсызда түсіп кеткен. Сөйтіп құдық ішінде алты сағат бойы қалып қойған. Ойын баласын учаскелік полиция инспекторы бейнебақылау камералары арқылы тауып, дер кезінде әрекет еткен. Құтқару қызметі жедел жұмылдырылып, бала аман-есен шығарылды. Оқиға орнына жеткен медицина қызметкерлері мектеп оқушысын толық тексеріп шықты. Дәрігерлердің айтуынша, баланың денсаулығына ешқандай зиян келмеген. Қазіргі уақытта оның жағдайы жақсы.