Павлодарда құбыр жарылып, көшелерді су басты. Қақаған аязда бұл жағдай көлік қозғалысын қиындатып, адамдардың жүруіне кедергі келтіруде.
Белгілі болғандай, Толстой және Мәшһүр Жүсіп көшелерінің қиылысында диаметрі 500 мм болатын су құбыры жарылған. Қазір ақау шыққан аумақ қоршалып, суды сорып алу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл іске 12 жұмысшы және 9 арнайы техника жұмылдырылған. Мамандардың айтуынша, ең бастысы – тұрғын үйлерді сумен қамтамасыз ету тоқтаған жоқ.
Мақпал Қаржаубай, қала әкімінің баспасөз хатшысы:
- Қазіргі уақытта коммуналдық қызметтер тарапынан апаттық учаскеде зақымдануды жою және суды сорып шығару жұмысы жүргізілуде. Сондай-ақ тұрғындардың жайлылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында тазалау және көктайғаққа қарсы іс-шаралар атқарылуда.