Шымкентте 21 жастағы қыздың өліміне қатысты күдікті ұсталды

  • 8
  • 13.01.2026, 21:33

Қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, жедел-іздестіру іс-шаралары барысында 28 жастағы жергілікті тұрғын қолға түсті. Іздеу жұмыстарына барлық жеке құрам жұмылдырылып, қаланың кіреберісі мен шығаберіс бағыттарында бақылау күшейтілді. 

Күдікті Түркістан облысы аумағынан табылып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оған қатысты Қылмыстық кодекстің 99-бабы «Адам өлтіру» дерегі бойынша іс қозғалды. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Айта кетейік, қанды оқиға 11-қаңтар күні Төлеметов көшесінің бойындағы көпқабатты үйлердің маңында болған.

Ернар Алтаев, Абай ауданы полиция басқармасының бастығы: 

- Күдікті қала аумағынан 10 шақырым қашықтағы ашық жерде анықталып, ұсталды. Қазіргі таңда 28 жастағы Шымкент қаласының тұрғыны уақытша ұстау изоляторына қамалды. Алдын ала мәліметке сәйкес, күдікті марқұммен бұрын таныс болған. Қылмыстың себептері мен мән-жайлары тергеу барысында анықталады.