Таразда сыныптасын өлтіріп алған оқушы сотталды

  • 10
  • 14.01.2026, 21:35

Таразда мектеп дәретханасында сыныптасын ұрып өлтірген оқушыға қатысты сот үкімі шықты. Қатарласын соққыға жыққан 9-сынып оқушысы енді 7 жылға жуық өмірін түрмеде өткізеді. Сондай-ақ ата-анасынан жәбірленуші тарапқа 10 млн теңге моральдық өтемақы өндірілді.

Қанды оқиға биыл қыркүйекте №47 орта мектепте болған. Үзілісте 9-сынып оқушылары мектеп әжетханасына жиналып, дауласқан. Сол сәтте 15 жастағы жәбірленуші мойнынан ауыр соққы алған. Салдарынан жеткіншек жедел жәрдем келгенше көз жұмған еді.

Дәурен Байназаров, облыстық кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы:

- Кәмелетке толмаған құрдасы А-ға қатысты физикалық зорлық-зомбылық көрсеткен. Мойын жарақатының нәтижесінде жәбірленуші оқиға орнында қаза болған. сот тергеу барысында кәмелетке толмаған сотталушы кінәсін ішінара мойындады. Қылмыстық кодекстің 106-бабы, 3-ші бөлігімен кінәлі деп танылып, 6 жыл, 8 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.