Ақмола облысында мүгедектігі бар 344 адамның жалақысынан заңсыз салық ұсталған. Бұл құқықбұзушылықты прокурорлар анықтады.
Құзырлы орган өкілдерінің мәліметінше, мүгедектігі бар азаматтардың жылдық табысы 882 айлық есептік көрсеткіштен аспаса, салықтан босатылады. Алайда кейбір жекеменшік ұйымдар заң талабын бұзып, қызметкерлердің жалақысынан негізсіз салық ұстап келген. Арнайы жүргізілген тексерістен кейін мүгедектігі бар жандардың құқығы қорғалып, 12 млн теңгеден астам қаржы қайтарылды.
Меруерт Байболова, облыс прокурорының көмекшісі:
- Қазақстан Республикасының Конституциясы барлық азаматтардың теңдігіне және кемсітушілікке жол берілмейтініне кепілдік береді. Облыс прокуратурасы әлеуметтік тұрғыдан осал санаттағы азаматтардың құқықтарын қорғау-қадағалау қызметінің негізгі басымдықтарының бірі екенін атап өтеді. Бұл бағыттағы заңбұзушылықтарды анықтау және жолын кесу жұмысы жалғасатын болады.