Павлодар облысының Ертіс ауылында жеке тұрғын үйде өрт шығып, екі бала көз жұмды. Қайғылы оқиға бүгін таңғы сағат 9-ға қарай болған. Төтенше жағдайлар департаментінің «101» қызметіне өрт туралы хабарлама сағат 8:36-да түскен. Оқиға орнына үш минут ішінде жеткен өрт сөндірушілер бірден құтқару жұмыстарына кіріскен. Үш бала қауіпсіз жерге шығарылып, тағы біреуі эвакуацияланған. Алайда екі бала ауруханада көз жұмды. Өрттің шығу себептері анықталып жатыр. Ал аман қалған екі жасөспірім облыстық ауруханаға жеткізілді.
Берік Омаров, облыстық ТЖД Мемлекеттік өртті бақылау басқармасы бастығының орынбасары:-Өкінішке қарай екі бала ауруханада қайтыс болды. Өрт елу шаршы метр аумақта жойылды. Өрттің себебі анықталуда. Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарға өрт қауіпсіздігі шараларын қатаң сақтауды ескертеді. Балаларды қараусыз қалдырмаңыз. Электр сымдары мен жылыту аспаптарының жарамдылығын бақылаңыз. Сондай-ақ тұрғын үйлерде автономды өрт хабарлағыштарын орнатуға шақырады.