Оның 16-на ампутация жасауға тура келіпті. Қатты аязға байланысты өңірде қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Облыс бойынша барлық мектептер онлайн форматқа көшті. Ал полиция қызметкерлері тұрғылықты мекенжайы жоқ адамдарды анықтап, арнайы орынға жеткізіп жатыр. Дәрігерлер аязды күндері далада ұзақ уақыт жүруге болмайтынын еске салады. Осы аязды күндері үсік белгілерімен екі бала ауруханаға жатқызылған.
Қарлығаш Қасиетова, тілші:
- Алғашқы үсік шалғандар қазан айының ортасында дәрігердің көмегіне жүгіне бастаған. Сол кезде қалың қар жауып, ауа температурасы -15 градусқа дейін төмендеп кетті. Қазір өңірде қыс қаһарына мінгендей. Бет қаритын аязда далада ұзақ тұру мүмкін емес. Әдетте тілшілер эфирге баскиімсіз шығатын. Бірақ дәл осындай аязда тәуекел ете алмадық. Дәрігерлер де қалың киініп жүруді ескертіп жатыр.
Асхат Мұрсалимов, комбустиолог, №1 қалалық ауруханасының күйік бөлімшесінің меңгерушісі:
- Бір адам емханадан шыққаннан кейін аялдамада өзін жайсыз сезініп, есінен танып қалған. Оны қанша уақыттан кейін байқағаны және жедел жәрдемнің қашан шақырылғаны белгісіз, алайда клиникалық мәліметтерге сәйкес, ол кем дегенде жарты сағаттай суықта жатқан. Екі қолының да саусақтары үсіп қалған. Науқас қазір жансақтау бөлімінде жатыр. Оның үсіктен бөлек, созылмалы аурулары бар екен.
Қақаған аязда ішімдік ішіп, соның салдарынан қол-аяғын үсітіп алғандар да бар. Асхат Мұрсалимовтың айтуынша, адамдар дер кезінде дәрігерге жүгінбей, уақыт өткізіп алады. Бұл салғырттықтың соңы ампутациямен аяқталады. Көпшілік үсік шалған жағдайда қалай әрекет ету керектігін де біле бермейді.
- Ең дұрыс шешім — құрғақ жылу қолдану. Яғни аяқ-қолды құрғақ шәлі немесе сүлгімен орап қою керек. Осылайша аяқ-қол біртіндеп өздігінен жылынады. Бұл жақын маңда медициналық пункттер болмаған жағдайда жасалатын алғашқы әрекет. Ал егер мүмкіндік болса, науқасты бірден медициналық мекемеге жеткізу қажет. Себебі емдеу мекемелерінде біз тамырлық терапияны бастап, қан айналымын мүмкіндігінше қалпына келтіре аламыз. Сонда терінің зақымдануы барынша аз болады.
Соңғы екі тәулік ішінде Павлодар облыстық балалар ауруханасына үсік белгілерімен екі бала жеткізілді. Олардың бірі травматология бөлімшесіне жатқызылса, екіншісі толық тексеруден кейін амбулаториялық ем алуға жіберілді. Ал полиция қызметкерлері жүргізген рейд барысында жылу трассаларын паналап жүрген 150-ге жуық адам қауіпсіз орынға орналастырылды.
Асылбек Хаербаев, Павлодар қалалық ПБ қабылдау-тарату мекемесі басшысының орынбасары:
- Қабылдау-тарату бөлімшесінің рейдтік тобы күшейтілген қызмет режиміне көшті. Адамдардың қатты аязда далада қалуы үсікке ғана емес, өлімге де әкелуі мүмкін. Осыған байланысты біз тұрғылықты мекенжайы жоқ адамдарды тауып, бейімдеу орталығына жеткізіп жатырмыз. Соңғы күндері 147 адамды қабылдадық.
Синоптиктердің болжамынша, алдағы үш күнде ауа температурасы 37 градусқа дейін төмендейді. Қатты аязға байланысты облыс аумағында күшейтілген режим енгізілді.
Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев, Марат Игіліков