Қарағандыда колледж студенті есірткі жасырып, оны таратқаны үшін 15 жылға сотталды. Ол «Telegram» мессенджері арқылы белгісіз куратормен келісімге отырып, есірткі заттарын алып, оны бөліп орап, қала аумағында жасырын орындарға орналастырған. Сотталушы күніне шамамен 30 жасырма жасырған. Сонымен қатар Таиландтан Қазақстанға есірткі заттарын халықаралық пошта арқылы жеткізуді ұйымдастырған. Тіпті сол үшін 400 мың теңге сыйақыға кәмелетке толмаған дропперді тартып, соның атына жөнелтілімді рәсімдеген.
Ернар Тайжан, ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі:
- Ол тауарды алу кезінде ұсталып, одан 909 грамм каннабис экстракты тәркіленді. Тінту барысында оның тұрғылықты жерінен қосымша 80 грамм есірткі заты табылып алынды. Сондай-ақ ұялы телефонды тексеру кезінде оның бір күн бұрын бірнеше жасырма орналастырғаны анықталды. Берілген координаттар бойынша тағы 3,34 грамм каннабис экстракты тәркіленді. Сот үкімімен кінәлі 15 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды.