Жамбыл облысы Меркі ауданында 22 бала астан уланды. Кеше сағат 22:40 шамасында аудандық ауруханаға 12-17 жас аралығындағы жасөспірімдер жеткізілген. Дәрігерлер балалардан құсу, іш өту сынды белгілердің байқалғанын айтып отыр. Астан ұшынған балаларға этиологиясы анықталмаған гастроэнтерит диагнозы қойылды. Ал бұл оқушылар ауданға Қызылорда облысынан грек-рим күресінен оқу-жаттығу үшін келген. Сөйтіп демалыс орталығына орналасыпты. Қазір бизнес нысанына облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті тексеріс жүргізіп жатыр. Сондай-ақ Меркі аудандық полиция бөліміні де істі тіркеген. Құзырлы органның тексеру қорытындысына сәйкес тиісті шешім қабылданады. Жалпы демалыс орнына барлығы 103 жас спортшы мен 13 жаттықтырушы қоныстанған. Олардың барлығы бақылауға алынды.
Мейірхан Өмірбек, Меркі ауданы әкімінің орынбасары:-Ауруханаға жүгінген науқастардың жағдайы жеңіл дәрежеде. Денсаулықтары қалыпты, түнімен дәрігерлердің тұрақты бақылауында болды. 22 қаңтар күні ертеңгілік 21 бала толықтай дәрігерлердің тексеруінен қайта өтті. Жағдайларының жақсы болуына байланысты ауруханадан шығарылды. Демалыс орнында қалған балалардың барлығы бақылауға алынған. Олардан ауру белгісі анықталған жоқ.