Полиция қызметкерлерінің айтуынша соңғы кездері көбіне студенттер алаяқтардың құрбаны болады. Алдап-арбаудың кең тараған түрі – банк, Қазпошта, құқық қорғау органдарының атын жамылып, телефон шалу. Сондай-ақ онлайн несие рәсімдеу, инвестиция деген желеумен қаржы тарту, жалған тауар жеткізу сияқты интернет алаяқтық жиілеп барады. Шетелдік есепшотқа ата-анасының ақшасын аударып жіберген жеткіншектер де бар. Соңғы айда қолды болған ең ірі сома - 12 миллион теңге. Қазіргі кезде полиция қызметкерлері жастарды киберқылмыстан қорғау үшін өңірдегі барлық оқу орындарында түсінік жұмыстарын жүргізіп жүр.
Олжас Мағыпаров, Қостанай облыстық ПД басқарма басшысының орынбасары: -Бұрындары көбіне қаржылық сауаттылығы төмен үлкен кісілер алаяқтардың қармағына ілігетін. Енді олар жастарға ауыз сала бастағандай. Байқағанымыз қаскүнемдердің айтқанына иланып, берген нұсқауларын мүлтіксіз орындайтындардың дені студенттер. Қазір біз университет, колледжерде жастар арасында алдын-алу іс-шарасын өткізіп жатырмыз. Бірінші кезектегі міндет - дроперліктің салдарын, зияндығын түсіндіру.