Қызылордада 20 мыңға жуық жасөспірімге сот процесі онлайн көрсетілді. Бұл шараны облыстық прокуратура «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында ұйымдастырды. «Басты мақсат – қылмыстың соңы жаза екенін студенттер мен оқушыларға түсіндіру болды», - дейді мамандар.
Сот отырысында түнгі клубта пышақ жұмсап, адам өлтіруге оқталған кәмелетке толмаған жасөспірімге қатысты үкім шықты. Сот шешімімен айыпталушы 6 жыл 9 айға бас бостандығынан айырылды
Жандос Жүсіпов, облыстық прокуратураның басқарма бастығы:
- Екінші сотталушыға 4 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Кәмелетке толмағанның түн мезгілінде қалтасына пышақ салып, түнгі клубта емін-еркін жүріп, қылмыс жасауына жол берген түнгі клубының әкімшілігіне қатысты шара көру жөнінде мемлекеттік айыптаушының бастамасымен облыс әкімдігіне және полиция департаментіне сотпен жекеше қаулы қабылданды.