Ақмола облысында әскери колледждің 71 курсанты ауруханаға түсті

  • 1113
  • 29.01.2026, 11:30

Ақмола облысындағы Қорғаныс министрлігіне қарасты Шоқан Уәлиханов атындағы әскери колледжінің 71 курсанты өткір вирустық инфекция белгілерімен облыстық балалар ауруханасына түсті. Оның 24-нен қызылша дерті анықталды. Қалғандары жіті респираторлық вирус жұқтырған. Қазір науқастар жұқпалы аурулар бөлімінде ем алып жатыр.

Дәрігерлердің сөзінше, курсанттардың жағдайы тұрақталып келеді. Ал індет ошағына айналған әскери колледж оқшауланып, шектеу шаралары енгізілді. Бұл жағдайды Қорғаныс министрлігі мен облыстық денсаулық сақтау басқармасы жіті бақылауға алған.

Нариман Ермек, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

- Қазіргі уақытта курсанттардың өміріне ешқандай қауіп жоқ. Кеше 3 бала ауыр хәлде реанимацияға түскен еді. Қазір олардың жағдайы тұрақталып, палатаға ауыстырылды. Науқастар дәрігерлердің жіті бақылауында. Тиісті ем-дом шаралары көрсетіліп жатыр.