Цифрлық алаяқтық өршіп тұр

  • 1195
  • 02.02.2026, 21:36

Алаяқтық қылмыстарға қарсы күресті күшейту қажет. Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында осындай тапсырма берген. Цифрлық технология күн сайын жаңарып отырған кезеңде алаяқтардың ізіне түсу қиынға соғып тұр. Салдары сол, интернеттегі қылмыстың бестен бірі ғана ашылады. Қайтпек керек? Азаматтарға қалай сақтанған жөн? 

Оралдық бойжеткен Айжан Мануарбекова оңбай алданғандардың бірі. Ол желіде танысқан сүйіктісіне 2 млн теңгеге жуық ақшаны қалай ғана аударып қойғанын өзі де түсінбей дал. 

Айжан Мануарбекова, қала тұрғыны:  

-Телеграмнан таныстық. Өзін жақсы көрсетті, бауыр басып қалдық. Біраз уақыттан соң екеуміз бірге Түркияға барамыз деп шештік. Тур алу үшін өзінің апайының тур фирмасынан алайық деді. Мен келістім. Ең алғаш 345 000 теңге аудардым. Сосын барғым келмей қалды. Отмена жасайық дедім. Ол штраф болады деді. Ақшамды қайтарып аламын деп майда суммалармен төлей беріппін. 62 мың, 148 мың, 250мың... Бір күні есептесем, 1 млн 800 мың теңге болып кеткенін байқамай қалдым.


Айжан тәрізді желідегі адамның арбауына ергендер аз емес. Күні бүгін лудомания дертіне шалдыққан тиктокер-емшіге қатысты сот үкімі шықты. 5,5 миллион теңгеге 3 адамды «емдеп, бағын ашамын» деп әмиянын босатқан алаяқ ақыры темірторға тоғытылды. Дегенмен күн сайын желіде айласын іске асырып, ізін суытып үлгеретіндер жетерлік. Сондықтан полиция, алданғандарға жедел әрекет етуге кеңес береді. «Ең алдымен полиция бөлімшесіне хабарласу керек»,- дейді.

Бейбіт Біржанов, ҚР ІІМ Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің басқарма бастығының орынбасары:

- Жәбірленушілеріміз уақыт өте келе ғана хабарласады. 2 апта, 3 аптадан кейін ғана өздерінің жәбір көргенін сезе тұрып, кейін ғана хабарласады. Екіншіден, банкілік операциялар, ақша аударымдары өте тез жүзеге асырылатыны бәрімізге мәлім. Сондықтан бұл жерде 1 сағаттың өзі біршама уақыт болғандықтан, ақшаны бұғаттауға мүмкіндік береді.
 

Былтыр полицияның Ұлттық банкпен бірлескен жұмысының арқасында антифорд жүйесі арқылы 5 миллиард теңгеден астам қаржы қайтарылды. Мұның барлығы - жедел әрекеттің нәтижесі. Ал курьер, банк, полиция қызметкерлері атын жамылған 13 колл-орталықтың жұмысы тоқтатылды. Дегенмен оларды толық ауыздықтау мүмкін болмай отыр. «Сондықтан әр азамат желіде барынша сақ болғаны жөн»,- дейді мамандар.
Дана Әлиева, Қанат Әбілдин