Атырау облысы Жангелдин ауылындағы жантүршігерлік іс бойынша күдікке ілінген Сұлтан Сәрсемәлиев пен қаза тапқан ерлі-зайыптының қызы Ақбаян Мұқанғалиева әлі іздестіріліп жатыр. Кеше олардың 3 баласы кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына, ал 3 және 1,5 жастағы екі сәбиі балалар үйіне орналастырылды. Бұған дейін олар ата-әжесінің қолында болған еді.
Полиция департаментінің ұсыныс хатына сәйкес, кәмелетке толмағандардың ісі жөніндегі комиссия осындай тоқтамға келген. «Мұндай шешім балалардың қауіпсіздігі үшін қабылданды», - дейді Махамбет аудандық білім бөлімінің басшысы.
Венера Қабышева, Махамбет аудандық білім бөлімінің басшысы:
- Қазіргі жағдайда балалардың жағдайы бақылауда. Сонымен қатар балалардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында уәкілетті органдар тиісті жұмыстар жүргізуде.
Құндыз Ғиниятова, кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығының басшысы:
- Махамбет ауданынан кеше 15:20 шамасында 3 жасөспірім орналасты. 9 жаста, 7 жаста, 4 жаста. Психолог жұмыс жасады. Сурет салып, тест жұмыстарымен түске дейін жаңа жұмыстар жүргізілді. Барлығы жақсы. Балалардың көңіл күйі де жақсы.
Балалар әзірге арнайы орталықта мамандардың қарауында болады.
Еске салайық, былтыр Атырау облысы Жангелдин ауылында бүтін бір отбасы жоғалып кеткен еді. Биыл қаңтар айының 6-сында ерлі-зайыпты өз ауласындағы сарайдан өлі күйінде табылды. Ал отбасының қалған екі мүшесі, яғни қызы мен ұлы әлі іздестіріліп жатыр. Қанды қылмысқа қатысы бар деген күдікті Сұлтан Сәрсемәлиевке халықаралық іздеу жарияланған. Бірақ әзірге табылған жоқ.