Алматыдан қаралы хабар жетті. Белгілі актер, режиссер, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Балтабай Сейітмамытұлы 76 жасқа қараған шағында өмірден озды.
Театр майталманы 50-ге жуық киноға түсіп, театрда 60-тан астам қайталанбас образды сомдады. Қалың көрермен үшін Балтабай Сейітмамытұлы «Қорқыттың көріндегі» Қорқыт, «Ұлан асудағы» Абылайхан, Чеховтың «Шағаласындағы» Тригорин, «Әдемі келіншектегі» Жиенбай болып қала бермек. Режиссер ретінде сәтті шыққан қойылымдары театр сахнасынан түспей, көрерменнің көзайымына айналған.
«Хабар» агенттігінің ұжымы актер, режиссер Балтабай Сейітмамытұлының отбасы мен жақын туыстарына қайғыра көңіл айтады.