Ерлі-зайыпты блогерлер Жанабыловтар үйқамаққа алынды

  • 877
  • 05.02.2026, 19:38

Ерлі-зайыпты блогерлер Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты сотқа дейінгі тергеу аяқталды. Олар заңсыз кәсіпкерлікпен айналысып, қылмыстық жолмен алынған қаражатты заңдастырды деген күдікке ілінді. Қаржы мониторингі агенттігінің мәліметінше, 15 миллионнан астам жазылушысы бар блогерлер Instagram арқылы онлайн-курс сатуды желеу етіп, заңсыз схема ұйымдастырған. Курстардың мазмұны ашық дереккөздерден алынған және нақты білім бермеген. Жүлде қоры қатысушылардың өз қаражаты есебінен қалыптастырылған. Күдіктілер ең көп репост жасаған қатысушыға 11 автокөлік берілетінін жариялап, акция арқылы назар аудартуды көздеген. Алайда жеңімпаз анықталмай, сыйлық табысталмаған. Нәтижесінде азаматтардан «Zhana Business» компаниясының шоттарына 247 миллионнан аса теңге түскен. Оның 60 миллионы депозитке салынған. Сот санкциясымен 17 iPhone мен Lamborghini Urus, Lexus LX 600 маркалы екі машинамен қоса тағы 10 автокөлікке тыйым салынды. Күдіктілер үйқамақта отыр.