Жамбыл облысының Жаңатас қаласында қатты жел соғып, көпқабатты 10 үйдің шатырын ұшырып әкетті. Желдің екпіні секундына 32 метрге жеткен. Аудандық Мәдениет үйі ғимаратының сырты бүлініп, шатыры ұшқан. Сондай-ақ 8 кәсіпкерлік нысанның шатыры бұзылды. Қала көлемінде 2 шақырымға жуық электр желісі үзілген. 30-ға жуық ағаш құлап, 14 көлік пен 2 қоғамдық көлікке зақым келді. Әзірге мектептерде бірінші ауысымдағы оқушылар қашықтан оқу форматына ауыстырылды. Баспаналар демеушілер есебінен жөнделсе, зақымданған автокөліктер шығыны сақтандыру компаниялары арқылы өтеледі.
Сәкен Мамытов, Сарысу ауданының әкімі:
- Су, жылу, жарықтың барлығы берілген. Коммуникациялық мәселе жоқ. Әлеуметтік нысандардың барлығы толы аман-есен. Аудан көлемінде төтенше жағдай жарияладық. Комиссия құрамы құрылды. Қазір толық зерделеу жұмыстары аяқтады. Енді қайта қалпына келтіру жұмыстары басталып кетті.