Атырау облысы Құлсары қаласындағы мектептердің бірінде 10-сынып оқушысы қатарластарына балтамен шабуылдаған. Полиция департаментінің мәліметінше, жасөспірімдер арасында кикілжің болған. Кейін бір оқушы балтамен шабуыл жасап, мектеп аумағынан бой тасалаған. Тәртіп сақшылары оны қолға түсіріп, уақытша ұстау изоляторына қамады. Оқиға кезінде 2 оқушы жеңіл дене жарақатын алған. Бұзақылық бабымен қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізіліп жатыр.
Ғалым Байжанов, облыстық ПД бастығының орынбасары:
- Жасөспірімнің ата-анасына қатысты кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік іс қозғалды. Қылмыстық іс аясында қылмысқа ықпал еткен себептер мен жағдайларды жою туралы білім беру бөліміне ұсыныс енгізілді. Тергеу қорытындысы бойынша білім беру ұйымының лауазымды тұлғаларының, сондай-ақ оқу орнын күзетуді жүзеге асырған күзет агенттігі қызметкерлерінің әрекеттеріне құқықтық баға берілетін болады.