Маңғыстау облысында Каспий жағалауынан 20 өлі аққу табылғаны туралы хабарлаған едік. Қанаттылар Ақтау қаласы мен Түпқараған ауданы жағажайынан анықталды. Экологтар теңіз суынан сынамалар алып, зертханада тексерді. Судың құрамында ластаушы зат болмай шықты.
Инспекторлар аққулардың өлексесін жағадан жинап, арнайы орында жойған. Олар: «Аймақта аққулардың жаппай өлімі тіркелмегенін, бұл жылдағы миграция кезіндегі табиғи жағдай», - деп отыр. Сондай-ақ құрлыққа жақындаған құстарды қолдан қоректендіру зиян екенін ескертеді.
Айта кетсек, қазір Маңғыстау өңірінде 25 мыңдай әртүрлі құстар қыстап жатыр.
Ғаббас Досатов, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы:
- Жалпы құстарды, соның ішінде аққу құсын қолдан қоректендірудің оның ішінде нанмен қоректендірудің ешқандай қажеттілігі жоқ. Егер оны көп мөлшерде жейтін болса, аққу құсының денсаулығына зиян. Алыс жақтарға ұшады. Сол кезде нанмен көп қоректенген аққуларға миграция кезінде оларға зиян болады.