Алматы тауларында қар көшкіні жүріп, бір адам қаза тапты. Оқиға Медеу ауданындағы Титов асуында, теңіз деңгейінен 3400 метр биіктікте болған. Кеше Алатаудың бөктерінде төрт туристің екеуін қар басып қалған. Біреуі ақ ұлпа құрсауынан аман шықса, екіншісі қайтыс болған. Оқиға орнына Шымбұлақтағы әмбебап құтқару бөлімшесінің мамандары мен кинологиялық жасақ жедел жетіп, қар астындағы туристің мәйіті шығарылған. Зардап шеккен өзге жандарға психологиялық көмек көрсетілген. Алматыда күн райы құбылып тұр. Сондықтан сала мамандары тауда абай болуды ескертеді.