Степногорскте ЖЭС құбыры жарылып, жұмысқа кесірі тиді

  • 289
  • 23.02.2026, 21:46

Степногорскте жылу электр станциясының құбыры жарылып, маңайдағы кәсіпорынның жұмысына кесірін тигізді. Өндіріс ошағында қондырғылар бүлініп, жұмыс тоқтап қалған. Кәсіпкерлер редакциямызға осылай деп шағымданды. Шағын шаһардағы жылыту мекемесін жаңартуға былтыр Үкімет резервінен 3 миллиардқа жуық қаржы бөлінген.

Химия зауытындағы қазіргі көрініс осындай. Кәсіпорын маңында жылу электр орталығының су құбыры жарылып, өндірістік қалдық осы жерге жайылған. Салдарынан айналасы мұз айдынына айналды. «Мұндай жағдай осымен үшінші жыл қайталанып отыр», - дейді зауыт қызметкерлері.

Олег Шелудько, химия зауытының бас энергетигі:

-Бұл жағдай жылда болады. 2023 жылдан бері құзырлы орган өкілдеріне мәселені айтып, хат жолдағанбыз. Бірақ нәтиже жоқ. Биыл судың мөлшері жылдағыдан көп болды. Қазір шығын көлемі есептеліп жатыр. 

Су басқан жерге жылыжайлар, басқа да өндіріс ошақтары жақын орналасқан. Бұған қоса мұнда өңір аудандарына қажетті газды сақтап таратуға арналған станция іске қосылуға тиіс еді. Алайда айнала көк мұзға болған соң олардың да жұмысы кестеден кешігіп жатыр.

 Анатолий Кубрушко, газ толтыру станциясының директоры:

-Біз станцияны сәуір айында іске қосуды жоспарлағанбыз. Бірақ жұмыс толығымен тоқтап қалды. Қондырғылар түгел су астында жатыр. Бірер аптада күн жылып, қар ерісе жағдай мүлде қиындауы мүмкін.

Қалалық жылу электр орталығындағы су құбырының ұзындығы 13 шақырымнан асады. Қазір 30 пайызы тозып тұр. Ескірген қондырғылардың кесірінен апаттар жиі болады.

Евгений Лазько, Степногорск ЖЭС директорының міндетін атқарушы:

-Қазір құбырлардағы ақауды жойып жатырмыз. Осы жағдайға байланысты жұмыс тобы құрылды. Арнайы геодезист мамандар тартылды. Олар химия зауытының аумағында суды тазарту жұмыстарын ойластырып жатыр. Жалпы биыл осы аумақтағы 4 шақырым құбырды жаңарту көзделеген.

Шағын шаһардағы жылу электр орталығы жарты ғасыр бұрын салынған. Қаладағы 500-ге жуық үй мен 100-ден астам әлеуметтік және әкімшілік нысанға жылу таратады.

Абзал Азаматұлы, Евгений Шинкаренко