Көкшетауда 152 млн теңге субсидия жымқырғандар сотталды

  • 231
  • 24.02.2026, 21:35

Көкшетау қаласында агроөнеркәсіп кешені субъектілеріне берілетін мемлекеттік субсидияларды жымқыру ісі бойынша үкім шығарылды. Екі жыл бойы «МолПродЖаркаин» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының директоры мен «Рассвет» шаруа қожалығының басшысы сүт және оны терең өңдеу өнімдерінің өндірісін арзандатуға арналған субсидияларды заңсыз алған. Бұл жағдайдың кесірінен мемлекетке 152 млн теңге залал келді.

«Рассвет» шаруа қожалығында көрсетілген көлемде сүт өндіруге жеткілікті мал басы болмаған. Соған қарамастан, электрондық шот-фактуралар ақпараттық жүйесінде әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясына 3 млн кг-нан астам шикі сүт жеткізілгені туралы жалған құжаттар рәсімделген. Осы құжаттар негізінде сүтті сары май мен қатты ірімшікке өңдеу туралы есептер жасалып, уәкілетті орган өтінімдерді мақұлдағаннан кейін қаражат кәсіпорынның есепшотына аударылған. 

Бұдан бөлек, алынған субсидиялардың бір бөлігі жасыру мақсатында Ефимкинаның туысының депозиттік шотына аударылған. Кейін бұл қаражатқа жалға беріліп, табыс табу үшін пайдаланылған мобильді ғимарат сатып алынған.

Ернар Тайжан, ҚР ҚМА ресми өкілі:

- Тергеу барысында 6 жер учаскесіне, 4 пәтерге, 11 автокөлікке, мобильді ғимаратқа және өндірістік нысанға тыйым салынды. Сот үкімімен А.В. Маслов пен А.С. Ефимкина 6 жыл 4 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды. Мобильді ғимарат мемлекет кірісіне тәркіленді. Қалған мүлікке салынған тыйым азаматтық талап толық орындалғанға дейін сақталады.Үкім заңды күшіне енді.