Щучинскідегі жарылыстан зардап шеккендердің жағдайы ауыр

  • 9
  • 27.02.2026, 21:32

Щучинскідегі жарылыстан зардап шеккен 10 науқастың жағдайы ауыр. Олар қазір жансақтау бөлімінде жатыр. Бұл туралы өңірге барған Денсаулық сақтау вице-министрі Әлия Рүстемова айтты.

Еске сала кетейік, кеше түнде курортты өлкедегі дәмханалардың бірінде газ-ауа қоспасы тұтанып, жарылыс болды. Салдарынан 7 адам қаза тапты.

Дәмханадағы жарылыс кеше шамамен сағат түнгі он кезінде болған. Оқиға орнына саналы минутта жеткен өртсөндірушілер 10-нан астам адамды құтқарып, нысаннан жеті бірдей газ баллонын сыртқа шығарған.

Абзал Азаматұлы, тілші:

- Дәмханадағы 7 газ баллоны осы асхана бөлмесінде болған. Оның біреуі жарылып, бөлменің қабырғасын құлатқан. Кейін өрт шығып, адамдар жаққа қарай ойысқан.

Дәмханадағы жарылысты төңіректегі барлық адам естіген. «Бірақ көмек қолын созуға қызыл жалын беттетпеді», - дейді куәгерлер. Кейін құтқарушылар мен тәртіп сақшылары аумақты толық қоршап, өртті оқшаулаған.

Айдос Дауылбаев, Щучинск қаласының тұрғыны:

- Мен осы жерге келген кезде полиция қызметкерлері бөтен адамдарды кіргізбей «отцепление» жүргізген. Мына жерде өртсөндірушілер ішке кіріп, адамдарды шығарып, өртті сөндірген болатын.

Апат салдарынан 28 адам зардап шекті. Оның жетеуі қаза тапты. Жауаптылардың сөзінше, 5 адам оқиға орында, екеуі жансақтау бөлімінде көз жұмған. Қалғандары бірден ауруханаға жеткізілді.

Әлия Рүстемова, ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі:

- Қазір ауруханада 13 адам ем алып жатыр. Оның алтауы түнде Көкшетау қаласындағы көпбейінді облыстық ауруханаға жеткізілді. Жеті адам осы Бурабайдағы ауруханада жатыр. 13 науқастың 10-і жансақтау бөлімінде. Жағдайлары ауыр. Қазір екі науқасты Астанаға жеткізу жоспарланып отыр. Науқастардың жағдайы денсаулық сақтау министрлігінің қатаң бақылауында.