Семейдегі сауда орталығында болған өрттен зардап шеккендердің саны 11-ге жетті. Олардың алтауы – бала. Сегіз жастағы ұл бала Семей медициналық университетінің госпиталіне жатқызылды. Оның денесінің 8 пайызын күйік шалған. Тағы үш бала амбулаторлық ем алуға үйіне жіберілген. Жеті ересек адамның төртеуі бүйрек орталығы мекемесіне жатқызылды. Олардың бірі өртенген ойын-сауық орталығының қызметкері.
Еске салайық, кеше кешкісін ойын-сауық орталығында алапат өрт шығып, үш мың шаршы метрден астам аумақты шарпыған. Өртті сөндіруге 120 адам мен 23 техника жұмылдырылып, қызыл жалын үш сағатта ауыздықталды. Жедел штаб құрылды. Қазір Қылмыстық кодекстің 292-бабы бойынша іс қозғалды. Оқиғаның себеп-салдары анықталып жатыр.
Жасұлан Сәбитов, Абай облысы денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:
- Түскен кезде бір азаматшаның жағдайы ауыр болды. Ол сол күні жансақтау бөліміне жатқызылып, бүгінгі таңда реанимациядан палатаға ауыстырылды. Бүгінгі таңда науқастардың барлық жағдайлары жақсы. Тиісті емдерін алып жатыр.