Жамбыл облысында WhatsApp арқылы алаяқтық жасаған ерлі-зайыпты сотталды. Байзақ аудандық сотының мәліметінше, олар өткен жылдың желтоқсан айынан бастап мессенджерде тұрмыстық заттарды арзан бағамен сататыны туралы хабарландыру жариялаған. Алғашқы сатып алушыларға тауар жіберілгенімен, кейінгі тапсырыс бергендер заттарын ала алмаған. Салдарынан 112 адам жәбірленіп, келтірілген шығын көлемі 51 миллион теңгеден асты. Сотта айыпталушылар кінәсін толық мойындады. Нәтижесінде ер адам екі жыл сегіз айға, ал әйелі екі жыл төрт айға бас бостандығынан айырылды.
Жұлдыз Қойкенова, Жамбыл облысы, Байзақ ауданы прокуратурасының аға прокуроры:
-Жамбыл облысының прокуратурасы азаматтарды мессенджерлер мен әлеуметтік желілер арқылы тауарлар сатып алу кезінде қырағылық танытуға, бағасы едәуір төмен ұсыныстарға тиісті кепілдіктер мен құжаттарсыз сенбеуге, ал алаяқтық деректер туындаған жағдайда дереу құқыққорғау органдарына жүгінуге шақырады.