Таразда 2500-ден аса қызметкерге бірнеше ай бойы әлеуметтік төлемдер аударылмаған. 1895-і қалалық білім бөліміне қарасты балабақшаларда еңбек ететін мамандар. Оларға 283 миллион теңге көлеміндегі міндетті зейнетақы жарнасы уақытында түспеген. Сондай-ақ міндетті медициналық және әлеуметтік сақтандыру жарналары да төленбегені анықталды. Осындай заңбұзушылық қала тазалығына жауапты «Жасыл Ел Тараз» мекемесінде де анықталған. Кәсіпорынның 650 жұмысшыға 20 миллион теңгеден астам қарызы бары белгілі болды.
Саламат Әбітбекова, қалалық прокуратураның прокуроры:
-Прокурорлық қадағалау актілерінің негізінде жалпы сомасы 300 миллион теңге зейнетақы жарналары толықтай өтеліп, 34 мектепке дейінгі ұйымның бірінші басшылары әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Заңдылықты бұзушылық бір жыл ішінде қайталанатын болса айыппұл түріндегі жаза тағайындалатын болады.