Алматыдағы жантүршігерлік жол апатына қатысты қызметтік тексеру басталды

  • 7
  • 26.03.2026, 21:36

Алматыда үш адамның өліміне себепкер болған Zeekr автокөлігінің жүргізушісі жансақтау бөлімінде жатыр. Бұл туралы қалалық полиция департаментінің басшысы Айдын Қабдулдинов мәлімдеді.

Жантүршігерлік жол апаты 21 наурызға қараған түні әл-Фараби даңғылында болған. Алдын ала мәлімет бойынша Zeekr автокөлігі қарсы бағытқа шығып, Mercedes-пен соқтығысқан. Салдарынан Mercedes автокөлігінің жүргізушісі, 20 және 22 жастағы қыз балалар сол жерде қаза тапты. Куәгерлер: «Сол түні Zeekr-ді тізгіндеген жігіт басқа көлікпен жарысты», - деп отыр. Әлеуметтік желіде бәйгеге түскен екінші машинаның рөлінде полиция департаменті басшысы орынбасарының жүргізушісі болды деген ақпарат тарады. Күдікті ауруханаға түскен бетте қан алыныпты. Әзірге сараптама нәтижесі дайын емес.

Айдын Қабдулдинов, Алматы қалалық полиция департаментінің басшысы:

- Zeekr автокөлігінің жүргізушісі қазіргі уақытта ауруханада ем қабылдап жатыр. Ол бойынша жуық арада сол жүргізушіге арналған барлық тергеу әрекеттері өткізіліп жүргізуші қамауға алынады. Сіз айтқандай, полиция департаментінің орынбасарының жүргізушісі сол әл-Фараби бойындағы жол-көлік оқиғасына қатысы бар-жоқтығын департамент полициясымен қызметтік тексеріс өткізілуде. Қызметтік тексерістің қорытындысы бойынша кінәлі полиция қызметкерлеріне шара қолданамыз.

Осы жол апатынан кейін мегаполисте түнгі көлік жарыстарымен күрес күшейді. Полиция мәліметінше, қалада соңғы үш күннің өзінде 5 мыңға жуық жол ережесін бұзу дерегі тіркелген. Сондай-ақ автокөлікті мас күйде басқарған 40-тан аса жүргізуші ұсталды. Ал 400-ге жуық адам көлікті құжатсыз басқарған.

Салтанат Әзірбек, Алматы қалалық полиция департаментінің ресми өкілі:

- Қазіргі таңда 100-ге жуық автокөлік айып тұрағына қойылды. Негізгі бұл рейдтік іс-шаралар жүйелі түрде жүргізілуде. Өйткені Алматы қаласында бір миллионнан астам көлік күнделікті қала көшелерінде жүреді. Әрине, бұл жол ахуалын күрделендіретін құбылыс.