Қазір су тасқынының шарықтау кезеңі Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарында. Ал Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Қостанай және Абай облыстары сары аймақта тұр. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігі мамандары хабарлады. Бүгінде ел аумағында 400-ден аса су қоймасы бар десек, олардың ешқайсысынан әзірге қауіп төніп тұрған жоқ. Қазір апаттың алдын алу бойынша жауапты ведомстволардан құрылған штаб тәулік бойы тоқтаусыз жұмыс істеп жатыр. Бөгендер салынып, арықтарды тазалау нәтижесінде 736 елді мекенде қауіп сейілген. Десе де, 272 ауыл-аймақта мәселе әлі де өзекті.
Әсет Жылқайдаров, ҚР ТЖМ Төтенше жағдайлардың алдын алу комитеті төрағасының орынбасары:-Елді мекендерден 7 млн-нан астам м³ қар шығарылды. 126 мың тонна жанар-жағармай, 374 мың тонна инертті материалдар, 4,5 млн қапшық дайындалды. Жалпы ауданы 575 мың шаршы метрді құрайтын 192 учаскеде мұз жару жұмыстары жүргізілді.