Жол-көлік оқиғаларының 90 пайызы жүргізушілердің қарапайым жолда жүру қағидаларын сақтамауынан болады. Ішкі істер министрлігінің дерегінше тек биылғы екі ай ішінде жол апатынан 200-ден аса адам қаза тапқан.
Жол-көлік оқиғалары тыйылмай тұр. Тек жыл басынан бергі екі айдың қорытындысы бойынша 4062 жағдай тіркелген. Зардап шеккендер мен жараланғандар саны 5800-ден асады. Мұндай көрсеткіш бойынша Алматы, Астана қалалары мен Жамбыл, Атырау, Ақтөбе облыстары көш басында. Ал осы мерзім ішінде жол апаттарынан 222 адам қаза болған.
Ақтоты Боранова, ҚР ІІМ әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы:
- Жол-көлік оқиғаларының басты себептері ол - жылдамдықты асыра пайдалану. Жолдың қарама-қарсы бағытына шығу, бағдаршамның тыйым салынған белгісіне жүріп өту деген сияқты құқықбұзушылықтар алда келе жатыр. Яғни барлық анықталатын жолда жүру қағидаларының 45 пайызы автокөлікті белгіленген жылдамдықты асыра пайдаланумен сәйкес келеді.
Жол бойындағы қауіпсіздікті сақтау, заң бұзушылықтың алдын алуға бағытталған шаралар күн сайын жүргізіліп жатыр. Бүгінде ел бойынша 28 мыңнан астам автоматты тіркеу жүйесі бар. Бұдан бөлек, 1 млн 300 мыңнан аса бейнебақылау камерасы жұмыс істеп тұр. Барлығы да жолда жүйткігендерді, тәртіп бұзғандарды анықтаудан өзге, қоғамдық қауіпсіздікті қамтуға бағытталған. Күре жолдарды да бақылау да ұдайы назарда.
Ақтоты Боранова, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы:
- Жол-көлік оқиғаларында қайтыс болғандардың 60 пайызының үлесі осы қала сыртындағы жолдарға келеді. Себебі автокөлікте орналасқан адамдар саны жоғары болады. Сосын жылдамдықты асыра пайдаланған жүргізушілердің кесірінен жол апатында қаза болатын адамдардың саны да көп болады. Сол үшін ол жерлерде «орташа жылдамдық» ұғымы енгізілген болатын қала сыртындағы жолдарда. Сонымен қатар 500-ге жуық автоматты түрде тіркеу жүйелері патрульдік көліктерге орналастырылған.
Жолда жылдамдықты арттыру қауіпті екендігі айтылып-ақ келеді. Бұған қатысты заң талаптары да күшейтілген. Әйтсе де ескертуді елемейтіндер аз емес.
Андрей Лукин, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Қолданыстағы заңнама көлігін жоғары жылдамдықпен басқаратын жүргізушілерге талапты күшейтті. Ішкі істер министрлігі, полиция бөлімшелері бұл ретте қадағалау ісін арттырды. Облыс орталықтар, ірі қалалардың жолдары 50-60 пайызға тіркеу камераларымен қамтылды.
Марат Қожаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Былтыр арнайы депутаттық сауал жасап, осындай системно жол ережесін бұзатындарды қатаң жауапқа тарту керек. Айыппұл төлегендерді 50 пайыздық жеңілдіктен босату керек дегендей, правасын алып қойып, пересдача жіберу керек дегендей ұсыныстар жасадым. Ол Үкіметпен қолданып, осы келесі бір заң жобаларына енгіземіз деп ойлап жатырмыз.
Заң түзелді. Талап тағы да күшейтіле түспек. Енді жүргізуші мен жаяу жүргіншінің жолдағы тәртіпті қатаң сақтағаны керек.
Әнуарбек Мырзатайұлы, Қайрат Ақтөреев